«Қазақстан Медиа Альянсы» жаңалықтары

БАҚ-тың, редакциялардың, журналистердің, блогерлердің кәсіби негізгі қадиғалары

I. РЕДАКЦИЯ ЖҰМЫСЫНЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫ

Бұл құжат ақпарат іздеу, тарату және түсініктеме беру, оқиғаларды сипаттау және проблемаларды жариялау бойынша жұмыс барысында бұқаралық ақпарат құралдарының, редакциялардың, журналистердің, блогерлердің және редакциялық ұжымдардың басқа мүшелерінің кәсіби мінез-құлқының негізгі қағидаларын бекітеді.

1. Қоғамның сенімді ақпарат алуға құқығы

Редакцияның жұмысы адалдыққа және қоғамда болып жатқан немесе қоғамға әсер ететін қоғамдық қызығушылық тудыратын оқиғалар мен құбылыстар туралы бейтарап баяндауға деген ұмтылысқа негізделуі қажет.

Осы мақсатта редакция:

1.1. Ақпараттың дұрыстығын қолжетімді тәсілдермен тексереді, дереккөзі белгілі ақпаратты ғана пайдаланады және маңызды ақпаратты назардан тыс қалдырмайды.

1.2. Ақпаратты тарату кезінде бұқаралық ақпарат құралы таратылатын ақпараттың дәлдігін бірінші орынға қояды. Бұл жағдайда жеделдік екінші орынға шығады.

1.3. Қоғамдық қызығушылық тудыратын ақпаратты алуға өзге әдістер мүмкіндік бермейтін жағдайларды қоспағанда, ақпаратты жинаудың жасырын немесе басқа құпия әдістерін қолданбайды.

1.4. Эксклюзивті ақпаратты жариялау кезінде екі дереккөз ережесін сақтайды: барлық фактілерді кем дегенде бір-бірімен байланысты емес екі сенімді дереккөз арқылы растауы керек.

1.5. Мүмкін болған кез келген жағдайда ақпараттың дереккөздерін көрсетеді.

1.6. Егер дереккөз ақпаратты жасырын түрде бөлісуге дайын болса, дереккөздің оған қатысты себептерін анықтайды.

1.7. Тақырыптар, хабарландырулар мен жарнамалық материалдар, мультимедиа фрагменттері мен дәйексөздер контенттің мазмұнын бұрмаламауын қадағалайды.

1.8. Фотосуреттердің, аудио- және бейне жазбалардың қай жерде, қашан және қандай жағдайда түсірілгені және жазылғаны туралы аудиторияны әрқашан анық және түсінікті түрде хабардар етеді.

1.9. Оқиға орнынан түсірілген репортаждық фотосуреттерден ажырату үшін фотоиллюстрациялар мен коллаждарды арнайы белгілейді, сондай-ақ аудитория өзекті суреттермен шатастырмауы үшін мұрағаттық фото- және бейнематериалдарға арнайы белгі қояды.

1.10. Оқиғаларды тарихи тұрғыдан қайта жаңғырту әдісін қолданған кезде аудиторияға мұның деректі кадрлар емес, сахналық түсірілім екенін нақты түсіндіреді.

2. Адам құқықтарын құрметтеу

Редакция адамның жеке өмірге құқығы маңызды екенін түсінеді, және белгілі бір оқиғаларға еріксіз түрде қатысқан және осы оқиғаларға байланысты ақпараттық контенттің өзінің өміріне қандай да бір әсері болуы мүмкін адамдардың мүдделерін ескеруге тырысады. Адал журналистикада қорлау, жала жабу және жалған айыптау ұғымдарына жол берілмейді.

Осыған сүйене отырып, редакция:

2.1. Ақпараттың дереккөзі ретінде балалармен, зорлық-зомбылық және басқа да заңсыз әрекеттермен байланысты оқиғаларға қатысы бар балалармен жұмыс істеген кезде ерекше мұқияттылық танытады. Кәмелетке толмағандардың аты-жөнін және олардың кім екенін анықтауға мүмкіндік беретін басқа да деректерді жария етпейді.

2.2. Ақпараттық дереккөз болып табылатын тәжірибесіз адамның абайсызда айтқан, өзіне бейсана түрде зиян келтіруі мүмкін, мысалы, қоғамның қаһарына ұшыратуы мүмкін және қудалауға түсіруі мүмкін сөздері мен мәлімдемелерін пайдаланбайды.

2.3. Зардап шеккен немесе қайғы-қасірет шеккен адамдардың сұхбаттарын, фотосуреттерін немесе бейнелерін пайдалану кезінде әдептілік танытады.

2.4. Қылмыстың құрбаны болған адамдардың кім екенін анықтауға мүмкіндік беретін суреттерін, аты-жөні мен мекен-жайларын және басқа деректерін жария етпейді.

2.5. Кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен анықталмаған күдіктілерді қылмыскерлер деп атамайды.

3. Тәуелсіздік және бейтараптық

Редакция қоғамның мүдделерін, оның демократиялық институттарын және қоғамдық моральды құрметтеуі керек, сонымен бірге қоғамға әйгілі болмаса да, алуан түрлі көзқарастар мен адам тәжірибесінің әртүрлілігін көрсете білуі керек. Редакция қоғамның хабардар болуы құқығын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдерді қабылдау кезінде қандай да бір мемлекеттік және қоғамдық институттарға тәуелді болмауы тиіс.

Бұған қол жеткізу үшін редакция:

3.1. Барлық оқиғаларға, барлық компанияларға және адамдардың бәріне бірдей шүбә келтіре және сенімсіздікпен қарайды, кез-келген ақпаратқа, тіпті дереккөзі билік болса да, бәріне бірдей күмәнмен қарайды.

3.2. Жасалған контент арқылы қоғамда қалыптасқан көзқарастардың алуан түрлілігін көрсетуге тырысады.

3.3. Әр түрлі қоғамдық топтар мен әлеуметтік топтардың өкілдеріне сөйлеуге тең мүмкіндік береді.

3.4. Ашық пікіралмасуды қамтамасыз етеді, әртүрлі көзқарастарды жақтаушыларға, тіпті олар тартымсыз болып көрінсе де, сөйлеуге тең мүмкіндік береді.

3.5. Әр түрлі адамдар мен қоғамдық топтардың сенімдері мен құндылықтарын құрметтей отырып жариялайды.

3.6. Кез келген қоғамдық топтарды олардың санына қарамастан қастастықпен тілдеуге және қорлауға, төмендетуге жол бермейді, ұлтына, нәсіліне, жынысына, дініне, тіліне, жыныстық бағдарына, кәсіби қатыстылығына, саяси және басқа көзқарастарына негізделген кемсітушілікке итермелеуге жол бермейді.

3.7. Дәйексөзді дәл келтіруді және айтылған сөздер мен мәлімдемелердің мәнін бұзбай, дұрыс жеткізуді қамтамасыз етеді. Даулы мәселені жариялайтын жағдайда барлық негізгі тараптардың өкілдерінен даудың мәні туралы түсініктеме алу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды.

3.8. Деректер мен пікірлерді бөліп қарайды: бағамдаушылық пайымдаулар деректер ретінде ұсынылмайды, аудиторияға қолданылған пікірлерді анықтауға және оларды айтылған деректерден ажыратып қарауға мүмкіндік беріледі.

3.9. Өзінің кез келген тұжырымдарын, байламдары мен бағалауларын нақты деректермен және цифрлармен немесе сарапшылардың пікірлерімен растайды (бұл сарапшылардың пікірлері екенін нақты көрсеткен жағдайда).

3.10. Шыншылдық пен бейтараптыққа ықпал етуі мүмкін кез келген материалдық немесе материалдық емес мүдделіліктің пайда болуына жол бермейді.

3.11. Кез келген түрдегі, соның ішінде материалдық емес сыйақыға айырбастау үшін қасақана түрде жалған ақпаратты таратуға және шынайы ақпаратты жасыруға жол бермейді.

4. Аудитория алдындағы адалдық және жауапкершілік

Редакция қоғам мүддесі үшін әрекет ете отырып, осы қоғам алдында есеп береді, яғни өз жұмысына жауап береді, өз шешімдері мен олардың себептері туралы ашық айтады, аудиторияға редакцияның бейтараптығы мен тәуелсіздігінің дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін кез келген ақпаратты ашып көрсетеді.

Осыған сәйкес редакция:

4.1. Қателік жіберілген жағдайда, редакциядан тыс ешкім талап етпесе де, бұл қателікті тезірек түзетуге немесе жоққа шығаруға барынша күш салады.

4.2. Егер қателік осы Негізгі қағидалардың ережелерін бұзатын болса, оны мойындайды және түзетеді, сонымен бірге аудиторияға қателіктің неден болғанын, қандай түзетулер жасалғанын және не үшін жасалғанын нақты және анық түсіндіреді.

4.3. Аудиторияға ақпараттың объективтілігіне әсер етуі мүмкін кез келген жағдайлар туралы, сондай-ақ өзі жариялайтын немесе жариялауға ниетті белгілі бір тақырыптарға кез келген мүдделілік туралы ақпаратты мүмкіндігінше егжей-тегжейлі ашып көрсетеді.

4.4. Редакциялық қызмет пен қоғамдық белсенділікті бөліп қарайды: редакция қызметкерлерінің барлығы немесе оның бір бөлігі кез келген қоғамдық акцияларға, соның ішінде митингілерге, демонстрацияларға және пикеттерге қатысқан жағдайда, бұл акциялар туралы жариялаудан бас тартады.

4.5. Саяси қызметтен бас тартады: редакцияның ешбір қызметкері қандай да бір саяси партияның мүшесі бола алмайды және/немесе мемлекеттік басқару, сот немесе заң шығарушы органдарда қызмет атқара алмайды.

4.6. Егер редакциялық тапсырма осы Негізгі қағидалардың ережелерін бұзумен байланысты болса, онда өз қызметкерлерінің оны орындаудан бас тартуына мүмкіндік береді, және ол үшін оларды қудаламайды.

4.7. Егер жарияланған контент оны жасауға атсалысқан автордың немесе авторлар тобының еркіннен тыс ішінара өңделген болса немесе бұрмаланған болса, онда өз қызметкерлеріне өздерінің авторлығын көрсетуден бас тартуына мүмкіндік береді.


II. МЕНШІК ИЕСІНІҢ/БАСПАГЕРДІҢ/ХАБАР ТАРАТУШЫНЫҢ ЖӘНЕ РЕДАКЦИЯНЫҢ ӨЗАРА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАЛАРЫ

5.1. Редакцияның қызметіне араласуға құрылтайшының құқығы жоқ.

5.2. Құрылтайшы мен редакция құрылтайшының, редакцияның және бас редактордың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын Редакция жарғысы немесе Құрылтай шарты шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды.

5.3. Бас редактор құрылтайшының бұйрығымен тағайындалады, бұйрықта бас редактордың редакцияның контенті үшін жауапкершілігі анықталуы тиіс.

5.4. Егер редакцияда осы тармақтар Бұқаралық ақпарат құралының негізгі қағидаларына сәйкес келмесе, онда өтініш бойынша мұндай жағдай бұқаралық ақпарат құралдарының өзін-өзі реттейтін қоғамдық органында қаралуы мүмкін.


III. ЖАРНАМА, МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫС, PRODUCT PLACEMENT, НАТИВТІ ЖАРНАМА ЖӘНЕ PR-МАТЕРИАЛДАР БОЙЫНША ЕРЕЖЕЛЕР

6.1. Жарнамалық материалды орналастыру кезінде Қазақстан Республикасының Жарнама туралы заңының барлық талаптарын сақтау қажет.

6.2. Тапсырыс беруші ақысын төлеген барлық материалдар арнайы таңбамен немесе мәтінмен ерекшеленеді. Жаңалықтардағы жарнамалық материалдар арнайы таңбашамен белгіленеді және өзгеше қаріппен теріледі немесе ақпараттық және талдамалық материалдардан бөлек блокпен орналастырылады. Нативті жарнама, баспасөз релиздері немесе PR-материалдар да арнайы белгімен белгіленеді, өзгеше қаріппен теріледі.

6.3. Мүдделер қақтығысын болдырмау үшін журналист пен редакция тәуелсіздік мәртебесіне нұқсан келтіруі мүмкін сыйлықтарды және қызметтерді қабылдамайды және жеке мүдделер тарапын жақтамайды, сондай-ақ егер редакцияда жарнама берушінің мүдделеріне қатысты мәліметтер болса немесе соған қатысты материал дайындалып жатса, онда жарнамадан бас тартуға дайын болады.

6.4. Баспасөз сапарларынан әзірленген материалдар, егер олардың ақысы төленсе, жарнама деп саналуы керек. Егер материалдардың ақысы төленбесе, онда олар редакциялық материал болып саналады. Журналист пен редакция баспасөз сапарларынан материал дайындауға міндетті емес.

6.7. Мемлекеттік тапсырыс арқылы дайындалған және ақысы төленген материалдар тиісті белгімен белгіленуге тиіс.

6.8. Журналист редакцияға жасырын жарнама болып табылатын материалды ұсынбайды.

6.9. Қазақстандағы Бұқаралық ақпарат құралының негізгі қағидаларын мойындай отырып, журналист өзінің материалдарына байланысты туындаған кәсіби-әдептік дауларды бұқаралық ақпарат құралдарының өзін-өзі реттеу қоғамдық комитетінде шешуді орынды деп санайды.

6.10. Редакция мен журналист өзінің бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайын немесе мүмкіндіктерін теріс пайдаланбауға тиіс, сондай-ақ оның тәуелсіздігіне немесе Қазақстандағы Бұқаралық ақпарат құралының негізгі қағидаларына сәйкес әрекет ету мүмкіндігіне қауіп төндіретін сыйлықтар мен өзге де пайданы қабылдамауға тиіс. Конференцияда сөз сөйлегені немесе баяндама жасағаны үшін сыйақы талап ететін және (немесе) екінші тарап есебінен шығыстары, қаламақысы төленетін редакция қызметкерлері өзінің сөйлейтін сөзін Бас редактормен алдын ала келісуі тиіс.

6.11. Жарнама берушілердің коммерциялық мүдделеріне қатысты материалдарды аудитория үшін дұрыс анықтап беру керек. Редакциялық контент ақылы контенттен немесе жарнамадан айқын және анық бөлініп тұруы тиіс немесе аудиторияның жарнама ретінде жарияланған материалдарды редакциялық материалдармен шатастырмауы үшін олар «Серіктестік материал», «Жарнама құқығымен жарияланған» және т.б. арнайы таңбамен белгіленуі тиіс. Жаңалықтардағы жарнамалық материалдар да таңбалануы тиіс немесе жеке блокпен орналастырылуы керек.

6.12. Ақпараттық-талдамалық бағдарламалардың редакциялық саясаты жарнама саясатынан дербес болуы тиіс. Егер көтерілетін тақырыптың әлеуметтік маңызы жоғары болса, алайда оның қазіргі немесе әлеуетті жарнама берушіге теріс әсері болса, онда редакциялық контентке басымдық беріледі. Жарнамалық материал дайындайтын журналистер мен редакциялық контент жасайтын журналистердің арасын оқшау ұстау дұрыс редакциялық тәжірибе болып саналады.

6.13. Журналистер жарнамалық материал жазбауы мүмкін және жазуға міндетті емес. Редакциялар коммерциялық бөлім мен жаңалықтар бөлімін бөлек орналастыруы керек. Журналистің аты-жөні жарнамалық материалдарда қолданылмауы керек.


IV. ПЛАГИАТ ЖӘНЕ БАСҚА АДАМДАРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫН ПАЙДАЛАНУ

7.1. Өздерін кәсіби ақпарат құралы немесе медиа өкілдері/БАҚ деп санайтындар плагиатқа жол бермейді. Плагиат – бұл олардың ақыл-парасаты мен аудиторияға деген құрметінің көрсеткіші. Басқа біреудің материалын рұқсатсыз, сілтемесіз пайдалану ақпарат саласы өкілінің және бұқаралық ақпарат құралының кәсіби деңгейінің төмендігін дәлелдейді.

7.2. Жарияланатын кез келген материал плагиатқа тексерілуі керек. Егер плагиат бар екендігі анықталса, онда журналистке немесе ақпарат құралына плагиатты қолдануға жол берілмейтіндігі туралы қатаң ескерту қажет, ал редакция жағдайды түзету үшін барлық шараларды қабылдауы керек: материалды алып тастау қажет немесе материалды пайдалануға автордың немесе авторлық құқық иесінің рұқсатын алу қажет. Егер кез келген мәтіннің немесе көрнекі контенттің авторы материалдың құрамында плагиат бар екенін дәлелдесе, редакция автордың аты-жөнін көрсетуге және одан кешірім сұрауға міндеттенеді. Контентті жасаушы авторлықты көрсетуді талап еткен жағдайда, ешқандай авторды көрсетпестен жариялап жіберу – мәселенің шешімі емес. Авторы міндетті түрде көрсетілуі керек, және бұл туралы оқырманға мәлімет берілуі қажет. Егер автор қаламақы талап ететін болса – оны төлеу қажет.

7.3. Медиаресурс немесе медиаресурс өкілі міндетті түрде ақпараттың дереккөзін, оның ішінде әлеуметтік желілерден алынған материалдарды көрсетуі тиіс. Егер ақпарат/дереккөз/дерек басқа ақпарат құралдарынан сөзбе-сөз алынған болса, онда материалдың бұл бөлігі (дәйексөз) қай ресурстан алынғаны көрсетіліп, тырнақшаға алынуы керек. Дереккөзді ешқашан жасыруға болмайды. Мүмкін болса, гиперсілтеме беру керек. Егер дереккөзден алынған дәйексөз (басқа ақпарат құралынан алынса) бұрын бір редакцияда өңделіп, жарияланған болса немесе ауызша сөйлемде стилистикалық тұрғыдан түзетіліп қолданылып жүрсе – төл сөз немесе ішінара төл сөз ретінде пайдаланылуы мүмкін. Дәйексөздің қысқартулары негізделуі керек. Егер бүкіл материал пайдаланылмаса да, солай бола тұра басқа ақпарат құралында немесе медиатұлғаның эксклюзивті журналистік зерттеуінде басқа біреудің пікірі/түсініктемесі/дерегі сөздерінің орындары ауыстырыла отырып пайдаланылғандығы анықталса да, кешірім сұрау керек. Егер іс-шара (баспасөз сапары, баспасөз конференциясы, брифинг) барысында спикерлердің журналистерге арналған сөзі басқа бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған болса, оны көрсету қажет. Іс-шараға қатыспаған БАҚ өкілі оған қатысқан адам сияқты ақпарат тарата алмайды.

7.4. Егер материалға аудиовизуалды контент пайдаланылса, онда осы контенттің авторлық құқық иесінен жазбаша рұқсат алу керек. Фотосуреттердің авторлық құқық иелері, аудио немесе бейне дереккөздері көрсетілуі керек. Егер фотосурет немесе бейнематериал қор қызметтерінен алынған болса, онда қор қызметіне де сілтеме жасалуы керек.

7.5. Баспасөз конференциясы, брифинг немесе басқа да қоғамдық іс-шаралар барысында қойылған ерекше сұрақтың авторын көрсету – жақсы тәжірибе болып саналады.

7.6. Кез келген ақпарат құралының немесе журналистің/блогердің материалы ұрланған екені анықталған жағдайда, журналистер қауымы бей-жай қарамауы керек. Плагиатқа ешқашан және ешқандай жол беруге болмайды.


V. РЕДАКЦИЯЛЫҚ САЯСАТ БОЙЫНША СТАНДАРТ

8.1. Редакциялық саясат оқырман, тыңдарман және көрермен алдындағы жауапкершілікке негізделген. Редакциялық саясаттың негізі – қандай да бір қызығушылықты немесе жеке және коммерциялық мүдделерді емес, қоғамдық мүддені ұстану. Редакциялық саясат қоғамның әрбір мүшесінің пікірін құрметтеуге және пікірлердің, деректердің, мәліметтердің және олардың бағалауларының, оқиғалар мен үдерістердің алуан түрін бүкіл қоғам үшін барынша түсінікті және қолжетімді үлгіде ұсынуға деген ұмтылысқа негізделеді.

8.2. Редакция нақты деректердің интерпретациялардан, бағалаулардан, пікірлерден және дерексіз ақпараттың басқа да түрлерінен айқын бөлінуін қамтамасыз ету үшін барлық ақылға қонымды шараларды қабылдауы керек; барлық құжаттар, цифрлар, атаулар және басқа да жазбалар сенімді болуы керек және егер олардың сенімділігіне күмән болса, бұл нақты көрсетілуі тиіс; барлық болжамдар мен күтілетін мақсатты мәндер дәл осылай анықталған болуы тиіс және оларды жасау немесе пайдалану кезінде жасалған барлық маңызды болжамдар көрсетілуі тиіс.

8.3. Ақпаратты іздеуге, алуға және таратуға байланысты кез келген ақпараттың немесе кез келген журналистік қызметтің шығу тегі немесе заңдылығы туралы күмән туындаған жағдайда, Бас редактор қандай да бір тиісті қадамдар жасамас бұрын немесе бұл ақпаратты редакциялық контентке қоспас бұрын заңгерден кеңес алуы керек.

8.4. Редакция ақпараттық дереккөздерге сыни тұрғыдан қарайды. Әсіресе даулы мәселені жариялау кезінде. Дауласушы бір тарап ақпараттық дереккөз болғандықтан әрқашан жеке мүддені көздейді, сондықтан дауласушы екінші тарапқа да өз уәжін айтуға мүмкіндік беру өте маңызды.

8.5. Хабарламалардың мазмұнына қатысты редакцияның шешімдері кәсіби тұрғыдан қабылданады. Редакция журналистері әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарына ақпарат жарияланған кезде олар редакцияның пікірін емес, өздерінің жеке пікірлерін білдіреді. Бұл ретте журналист редакциядан тыс кәсіби этика қағидаларынан алшақтамауы тиіс.

8.6. Негізгі қағидалар редакцияның да, редакцияның әлеуметтік желілердегі бизнес-аккаунттарында отырған журналистің жұмысына да қолданылады.

Журналистер жеке аккаунттарда өз пікірлерін білдіруге құқылы, алайда мінез-құлықтың қоғамдық нормаларын сақтауы тиіс.

8.7. Редакция жұмыс барысында журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда оларды негізсіз айыптаулар мен қудалаулардан қорғайды.

8.8. Екінші тарап алған және жариялаған материалдарды пайдалану кезінде ақпараттың дереккөзін тиісті түрде атап көрсету қажет.

8.9. Ақпарат ашық және заңды түрде алынуы керек. Сұхбаттасушы адамға әңгіменің жазылып алатындығы туралы ескерту жасалуы керек және ол өзінің сөздері қандай тасымалдағышқа жазылатындығын және қандай мәнмәтінде қолданылатынын білуге құқылы. Сондай-ақ, әңгіме көпшілікке жариялауға арналғанын немесе анықтамалық материал ретінде жазылғанын ескерту керек. Төтенше әдістерге қоғамдық маңызы бар ақпаратты әдеттегі тәсілдермен алу мүмкін болмаған жағдайда ғана жүгінуге болады. Төтенше әдістер дегеніміз – мысалы, журналистік қызметке кедергі келтірумен байланысты ақпаратты әдеттегі тәсілдермен алу мүмкін болмаған кезде, қоғамдық мүддеге сай белгілі бір журналистік зерттеулерге байланысты әңгімені әңгімелесушінің келісімінсіз жазып алу.

8.10. Ақпараттың дереккөздері қорғалуы керек. Құпия ақпарат беруші адамның жеке басы туралы мәлімет оның рұқсатынсыз жария етілмейді немесе сот шешімі бойынша жария етілуі мүмкін. Сондай-ақ мұндай талап бүркеншік ат қолданатын немесе журналистің бүркеншік атын қолданатын адамның жеке басына да қатысты.

8.11. Егер аса қажет болса, журналист нақты деректердің дұрыстығына көз жеткізу үшін сұхбаттасушының мәлімдемесін жарияламас бұрын өзіне тексертіп алу туралы өтінішін орындауы керек. Алайда, мұндай тексеру сұхбаттасушының айтқан мәлімдемелерін редакцияның жариялаудан бас тартуына негіз бола алмайды.

8.12. Дұрыс емес ақпарат редакцияның өз бастамасы бойынша немесе редакциялық материалда мүддесі қозғалған адамның сұрауы бойынша дереу түзетілуге тиіс.

8.13. Егер белгілі бір адам редакциялық материалда қатты сынға ұшыраса, оның осыған байланысты көзқарасын ұсыну адал редакциялық тәжірибе болып табылады. Егер негізді болса, сынға ұшырап, ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келген адамға қарымта жауап беру құқығы берілуі керек. Егер оның жауап беру құқығы туралы сұрауы толық негізделген болса, жауап беруші қалаған нысанда кідіріссіз және бастапқы ақпаратты оқыған адамдар мұның жауабын бірден байқай алатындай етіп жариялануы керек.

8.14. Журналист Бас редакторға өзінің немесе отбасының мүшесінің редакциялық контентте қамтылған кез-келген материалға мүдделілігі бар екені туралы хабарлауға міндетті. Егер белгілі бір материалды жариялау нәтижесінде автор немесе оның отбасы мүшесі қаржылық немесе басқаша пайда алатын болса немесе қаржылық немесе басқа шығындардан құтылатын болса, мұндай жағдай мүдделілік болып табылады.

8.15. Редакция мен журналист өзінің бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайын немесе мүмкіндіктерін теріс пайдаланбауға тиіс, сондай-ақ оның тәуелсіздігіне немесе Қазақстандағы Бұқаралық ақпарат құралының негізгі қағидаларына сәйкес әрекет ету мүмкіндігіне қауіп төндіретін сыйлықтар мен өзге де пайданы қабылдамауға тиіс.

8.16. Ақпараттық-талдамалық бағдарламалардың редакциялық саясаты жарнама саясатынан дербес болуы тиіс. Егер көтерілетін тақырыптың әлеуметтік маңызы жоғары болса, алайда оның қазіргі немесе әлеуетті жарнама берушіге теріс әсері болса, онда редакциялық контентке басымдық беріледі. Жарнамалық материал дайындайтын журналистер мен редакциялық контент жасайтын журналистердің арасын оқшау ұстау дұрыс редакциялық тәжірибе болып саналады.

8.17. Әрбір журналистің өзі жұмыс істейтін БАҚ-тың редакциялық саясатын нақты түсінуі үшін әр редакцияға Негізгі қағидалар негізінде өзінің Редакциялық қағидаларын әзірлеу ұсынылады.
2020-09-01 12:50