«Қазақстан Медиа Альянсы» Ұлытау облысында медиаэтика тақырыбында тренинг өткізеді
7-8 қыркүйекте «Медиа Дамыту Қоры» корпоративтік қорының гранттық бағдарламасы аясында «Қазақстан Медиа Альянсы» ҚБ Жезқазған қаласындағы жергілікті журналистер мен блогерлерге «Медиаэтика» тақырыбында тренингі өтеді.
Тренингті белгілі журналистер, коммуникация саласының мамандары өткізеді. Іс-шарада талқыланатын басты тақырып – ақпарат таратуда медиаэтиканың сақталуы. Тренерлер жалған ақпарат, бұрмаланған ақпарат, ақпараттық манипуляцияға қатысты нақты кейстерге шолу жасап, мұндай ақпараттардың қоғамға тигізер әсері мен салдарын тренинг қатысушыларымен бірлесіп талқылауды жоспарлап отыр.
«Қазақстан Медиа Альянсы» медиаэтиканы сақтау отандық медиада өзекті мәселенің бірі екенін, коммуникация саласының барлық қатысушыларының алдында бұл түйіткілдің шешімін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектормен бірлесе отырып табу талабы тұрғанын атап өтуде.
Айта кетейік, Альянс сарапшылары заң шығару бастамаларын талқылауға, жетілдіруді қажет ететін құқықтық аспектілерді жан-жақты зерттеуге атсалысуда. Ұйым сарапшылары этикалық стандарттарды сақтауға қатысты кәсіби қызметті журналистік қоғамдастық мемлекеттің араласуынсыз-ақ, өзін-өзі реттей алады деген ұстанымда. Ал 2020 жылы «Қазақстан Медиа Альянсы» БАҚ-тың негізгі қағидаттарын және БАҚ-тың өзін-өзі реттеу органы туралы ережені әзірлеген болатын. Аталмыш құжаттарды медиа өкілдері редакциялық саясатты қалыптастыру барысында да, өз қызметінде басшылыққа алатын негізгі қағидаттарды тұжырымдау барысында да негіз ретінде пайдалана алады.
Сондай-ақ «Қазақстан Медиа Альянсы» 2022 жылы халықаралық сарапшылардың қатысуымен «Өз-өзіне қол салу оқиғаларын БАҚ-та жауапкершілікпен жариялау» тақырыбын кеңінен талқылап, декларация қабылдаған болатын. Нәтижесінде «Масс-медиа туралы» заң жобасын талқылау барысында өз ұсыныстарын енгізіп, өз-өзіне қол салу оқиғаларын БАҚ-та жауапкершілікпен жариялауға қатысты жаңа заңға арнайы бап енгізілді.
«Қазақстан Медиа Альянсы» Жезқазған қаласында медиаэтика тақырыбында өтетін тренингте осы және басқа да мәселелерді,сондай-ақ өңірлік журналистердің мәселелерін де ортаға салып, бірлесіп талқы өткізу ниетте.