Адам мен оның өмірі – Қазақстан Республикасының басты құндылықтары
Теледидарда, радиода, интернетте, әлеуметтік желілерде өз-өзіне қол салғандар туралы ақпаратты жауапкершілікті сезіне отырып тарату суицид жасауы мүмкін топтардың бұл әрекетке баруын әлдеқайда тежейтінін ескере отырып; Суицид туралы сенсаңиялық хабарлар мұндай жайттардың көбеюіне әкеліп соғуы мүмкін екенін түсіне отырып; Сөз бостандығы құқығы мен зиян келтіру қаупі арасындағы тепе-теңдікті негізге ала отырып, БАҚ редакциялары өз-өзіне қол салу фактілері туралы хабар таратқанда өзіне артылған айрықша жауапкершілікті сезінуі керек деген тұжырыммен келісе отырып; Күйзеліске тап болған, бірақ оны еңсере білген адамдар туралы ақпаратты жариялау суицидтік мінез-құлықты азайтуға көмектесетінін ескере отырып, Қазақстан Медиа Альянсы келесі ұсыныстар мен принциптерді ұстануға шақырады:
Суицид туралы ақпаратты таратқанда оны егжей-тегжейлі сипаттаудан бас тарту - редакциялық саясаттағы ең тиімді тәжірибе. Өйткені мұндай ұстаным суицид жасауға бейім топтардың бұл әрекетті қайталауын барынша азайтады.
Бұқаралық ақпарат құралдары күйзелісті жеңудің жолдары мен мұндай жағдайда көмекті қайдан алу керектігі жайлы хабарласа, суицидтік мінез-құлық әлдеқайда азая түседі. Суицидтің алдын алумен айналысатын мамандардан кеңес алу суицид оқиғаларының алдын алуға оң әсерін тигізеді.
Суицид туралы немесе өз-өзіне қол салуға әрекет жасағаны жайлы хабарламаларда суицидтің алдын алу орталықтарының байланыс мәліметтері немесе күйзеліске душар болған адамдар көмек сұрай алатын сенім телефондары міндетті түрде көрсетілуі керек.
Интернет-ресурстарда өз-өзіне қол салу немесе өз-өзін өлтіруге әрекет жасағаны туралы хабарлар басты бетте орналастырылмауы керек, әлеуметтік желілерде суицид тақырыбындағы материалдарға гиперсілтемелер пайдаланылмауы керек. Газеттерде мұндай ақпарат тек ішкі беттерде орналастырылғаны жөн. Теледидар мен радиодағы осы тақырыптағы сюжеттер жаңалық шығарылымының басында немесе соңында айтылмауы тиіс, өйткені психологиялық тұрғыда ақпаратты қабылдау заңдылығы бойынша шығарылымның басы мен соңындағы ақпар есте жақсы сақталады.
Жаңалықтың тақырыбы мен оның мәтініне «сенсациялық» сөздер қосудан аулақ болу қажет. Суицид жағдайлары туралы хабарламаларда кликбейтті қолдануға жол берілмеуі керек.
Танымал адамдардың өз-өзіне қол салғаны немесе өзін-өзі өлтіруге әрекет жасағаны туралы хабарды таратқанда редакцияға айрықша жауапкершілік жүктеледі, өйткені мұндай ақпарат кей адамдардың осындай әрекетке еліктеуіне әкеліп соғуы мүмкін.
Журналистер марқұмның жақын туыстары мен достарына хабарласқан кезде олардың орны толмас қазаға қайғырып, күйзеліп отырғанын түсінуі керек. Ақпарат жинаған кезде олардың жеке өміріне құрмет танытуға басымдық берілуі тиіс.
Суицидті жасау әдісі туралы, оқиғаның басқа да егжей-тегжейін сипаттаудан аулақ болу керек, өйткені мұның барлығы суицид туралы ойда жүрген адамның осы әрекетті қайталауына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Әсіресе, жаппай өз-өзіне қол жұмсағандар жайлы, жаңа әдістер немесе өте сирек әдіс қолданылған болса, мұндай ақпаратқа аса жауапкершілік таныту керек.
Өз-өзіне қол салу немесе өзін-өзі өлтіруге әрекет жасағаны туралы хабарламаны дайындау барысында оқиғаның қай жерде жасалғаны, әсіресе білім беру орындарында болғаны жайлы мәлімет көрсетілмеуі керек.
Суицид процесі бейнеленген видео және мәйіттің фотосы, сондай-ақ өз-өзіне қол салған адамның жазып кеткен хатын жариялауға болмайды.
Журналистер суицидке не себеп болғанын хабарламауы керек. Психологтардың айтуынша, суицидке психологиялық және руханы күйзеліс себеп болуы мүмкін, оған ата-анамен арадағы жанжал немесе мектептегі түсініспеушілік жағдайлар түрткі болды деп жариялау ақпаратты бұрмалауға әкеліп соғуы мүмкін. Дұрысы: тергеу органдарының рұқсатымен тек фактілерді айту керек, журналистер өз бетінше болжам жасаудан және түсіндіруден аулақ болуы тиіс.
Марқұмның туыстарынан сұхбат алу кезінде журналистердің қойған сұрақтары оларды қандай да бір түсіндірме жасауға итермелеуі мүмкін екенін ескеру керек. Біріншіден, журналистің сұрағы ауыр тиетінін естен шығармау керек. Екіншіден, туыстары не жақындарының айтқаны субъективті мәлімдеме болуы мүмкін, тіпті олар кей жайттарды жасыруы да ықтимал. Сондықтан бұл субъективті мәлімдемелер екенін атап өткен жөн.
Суицидтік мінез-құлық белгілері, оның салдары туралы, мамандандырылған медициналық көмек көрсету орталықтарының байланыс нөмірлерін, мұндай оқиғалардың алын алуға қатысты жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты кеңінен хабардар ету керек.
Суицидтің алдын алудың жолы – БАҚ арқылы ақпарат беру, күйзеліске тап болған адамдар үшін мұндай жағдайдан қалай шығуға болатыны жайлы психологтармен сұхбат жүргізу. Қиын жағдайға тап болып, оны жеңе білген адамдар жайлы материалдар жариялау.
«Қазақстандық Медиа Альянс» қоғамдық бірлестігі Басқармасының Төрағасы - Жусіп Нұртөре Байтілесұлы